Наши кубки

18.07.2016 Қайрат Оразбеков: «Қазақстан – әлем чемпионатындағы фавориттердің бірі»

Қайрат Оразбеков: «Қазақстан – әлем чемпионатындағы фавориттердің бірі»
Осы жылғы отандық футзалдың жетістігі маусымның басты жаңалығына айналды. Өткен маусымда клубтар жетістігі қуантса, бұл маусымда ұлттық құраманың Еуропа чемпионатында жүлделі орыннан көрінуі жанкүйерлер үшін үлкен қуаныш болды.

Ұлттық құрама ойыншылары командалық жетістіктерді бағындырып қана қоймай, «Futsalplanet» порталының жекелей ойыншыларға берілетін үздіктер қатарына да ілікті. Қазақстандық ойыншылар барлық үздік аталымдардан көрініп, ел мерейін үстем етті. Осы «FutsalplanetAwards» марапаты мен отандық футзалдың жетістігі туралы еліміздегі бірден-бір клубтардың бірі, УЕФА кубогының екі дүркін жеңімпазы атағына ие «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков мырзаның отандық vesti.kz сайтына берген сұқбатын ұсынамыз.

Қайрат Айтмолдаұлы, Сіздерді әлемнің үздік клубтары рейтингінде екінші орын алуларыңызбен құттықтаймыз. Бір жыл ішінде сіздің ұжым бесінші орыннан екінші орынға көтерілді. 2014 жылдың үздік клубы атанған «Барселонаның» өзі биыл үздіктер қатарына енбей қалды. Қазақстандық команданың жоғары өрлеу серпіні қалай? Осы жөнінде өзіңізден естісек.

- «Қайраттың» жетістігі оңай келген жоқ. Ұзақ төккен тер мен ерен еңбектің арқасында келді. Мұның ішіне команданың іріктеуін, орнықты жүйесі мен еуропалық деңгейдегі инфраструктурасын жатқызуға болады. Команданың құрамы бір маусымға ғана арналып жасақталмаған. Жыл сайын жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп келеді. Бұл команданың техника-әдіс-тәсілдерін еркін меңгеріп, бір-бірін еркін түсінісуіне жол ашады.

«Барселона» - футбол да ғана емес, футзалда да үздіктер қатарында. Өзге клубтар секілді каталондық команда да дәл қазір аумалы-төкпелі кезеңді бастан өткеріп отыр. Бұл – негізгі құрамның ауысуы, жаттықтырушылар қосынының жаңаруына байланысты болса керек. Бұдан барлық команда өтеді. Кез келген құлдыраудан кейін, қайта самғаудың сәті келері сөзсіз. Сондықтан да жаңарған «Барселона» алдағы уақытта қайтадан үздіктер қатарынан көрінеді деп ойлаймын.

- «Қайрат» командасы мен Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Игитаның алтыншы бірінші орынға шығуы – ел футзалы үшін үлкен жетістік болды. Ал бұл сіздер үшін тосынсый болмаған шығар?

- Иә, тосынсый болмағанымен келісемін. Игита – Қазақстанда ғана нөмірі бірінші емес, әлемнің үздік қақпашыларының бірі. Маған көптеген мамандар біздің қақпашының мықты екенін айтады. Оның орталық алаңға шығуы мен тосыннан тебетін жойқын соққылары кез келген қарсыласты әбігерге салатыны даусыз. Мұның барлығы оның еңбекқорлығы мен мақсатына жету жолындағы жетістігі. Біз оның әлемнің үздік қақпашысы атанатынына сендік. Бүгінде ол біздің ғана сенімімізден шыққан жоқ, бүкіл қазақстандық жанкүйерлердің үмітін ақтады.

- Қазақстандық клубтың жаттықтырушысы Какау «Futsalplanet» рейтингінде үздік үштік қатарында қалды. Дегенмен екінші орынға көтерілді. Ал осыған дейін екі жыл қатарынан алдыңғы орында испандық Хесус Веласко мен Венансио Лопес келген еді. Осы бразилиялық мектептен испандықтардың шынымен шоқтығы биік пе?

- Меніңше, осы бір тұрғыдан ғана баға беруге болмайды. Қарасаңыз, бразилиялықтар бес рет әлем чемпионы атаған. Ал испандықтар екі рет ғана бұл жетістікті бағындырған. Әр тұрғыдан алып қарағанда, барлығы біркелкі. Сондықтан да мынаның мектебі мықты деп баға беруге болмайды. Тек бұл мамандардың команданы жаттықтырудағы түрлі әдіс-тәсілдерінде айырмашылық болады. Испандықтар командалық ойынға баса мән берсе, латынамерикалықтар жекелей ойыншының шеберлігін шыңдауы мен ойында оны көрсетуіне мүмкіндік береді. Мәселен, біздің Какау мен Алесио бір-бірін тыңдап, қиын сәтте командасын алып шығуға барын салады. Клуб та қалай жұмыс жасаса, ұлттық құрамада да сондай қызмет атқарады.

- Қазақстан құрамасының рейтингтік жеңісі отандастарымыздың әлемнің үздіктер командалар рейтингінде үшінші орыннан көрінуіне сеп болды. Ал Ресей құрамасы бұл үздіктер қатарына ілікпей де қалды...

- Қазақстан құрамасы білгендер үшін тосынсый болған жоқ. Футзал әлемінде «Тұлпар» мен «Қайраттың» жетістігі көпшілік біледі. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының дайындығы мен жаттықтырушылары әлемнің үздік жарыстарында жеңіске жетуге қауқарлы. Мұны Ресей, Италия, Хорватия және әлем чемпионатына іріктеу кезіндегі Португалия құрамасына қарсы ойындарға қарап айта аламыз. Жігіттер жоғарғы деңгейде ойнай алатынын дәлелдеп, Еуропа чемпионатында қола жүлдегер атанды. Бұл жетістігін Колумбиядағы әлем чемпионатында да қайталай алады деп сенемін.

- Өткен жеребе бойынша Қазақстан құрамасы «Е» тобында Аргентина, Коста-Рика және Соломон аралдары құрамасымен ойнайтын болды. Бір қарағанда, топтан шығу мүмкіндігіміз жоғары. Дегенмен біз үшін кәсіби маманның пікірі де қызықты.

- Шын мәнінде біз «F» түсіп қала жаздадық. Онда Иран, Испания және Марокко құрамалары бар еді. Себетте бұл топқа түсетін екі-ақ құрама қалды. Қазақстан және Әзірбайжан. Менің және қазақстандық жанкүйерлердің осы бір сәтте жүректтері атқақтай соққаны жасырын емес болар. Біздің қуанышымызға орай, «өлім тобына» Әзірбайжан құрамасы түсті. Еуропаның және Азияның үздіктерімен бір топта ойнау оңай емес.

Ұлттық құраманың топтан шығуға зор мүмкіндігі бар. Дегенмен мундиальда қателікке көп жол беріле бермейді. Бірақ біздің ұлттық құрама мықты ойыншылармен жасақталған, додада өз мақсаттарын бағындыруға мүмкіндігі жетеді. Тіпті мамандар Қазақстан құрамасын әлем чемпионатындағы фавориттер қатарына да қосып отыр. Отандық футзал соңғы бес жылда тың серпінмен дамыды. Қазақстан футзал мектебі қауқарлы екенін дәлелдеп келеді. Еліміздің бірнеше өңірінде командасын өрге сүйреп жүрген талантты жастарды көріп, ел футзалының болашағы зор екеніне көз жеткізуге болады. Ең бастысы – қазақстандықтар футзалды жанындай жақсы көреді. Оның дамуына бір кісідей алаңдайтыны жасырын емес.

 

Похожие новости