Наши кубки

16.02.2022 Кайрат Оразбеков: Қазақстан 120-орында тұрмауы керек.

Кайрат Оразбеков: Қазақстан 120-орында тұрмауы керек.
Қайрат Оразбековтің ҚФФ президенті қызметіне үміткер болғаны туралы сұхбаты.

– Қайрат Айтмолдаұлы, ҚФФ президенттігіне кандидатураңызды ұсынуыңызбен құттықтаймыз! Бұған не түрткі болды?

 

– Оның бір себебі, Қазақстан құрамасы Нигер, Мозамбик, Мавритания құрамаларынан кейін қалып, 120-орында тұрған ФИФА рейтингіне қараудың өзі ұят. Ел футболының мұндай даму деңгейіне көңілім толмайды. Бұл жағдайды мүмкіндігінше тезірек түзеткім келеді (күлімсіреп).

 

- Бұл шешімді қабылдау оңай болды ма? Жанкүйерлер сіздің осы қызмет үшін бәсекеге түсуіңізді көптен бері сұрап жүр, бірақ сізге бұл қажет емес секілді көрінген…

 

– Шынымды айтсам, оңай болған жоқ. Мен өмірімді футзалға арнадым, 25 жылдан аса футзалмен айналысым жүрмін. Клуб деңгейде де, ұлттық құрама деңгейінде де. Қазір бұқаралық футзалды дамытып жатырмыз, футзалды жүйелі дамыту бағдарламасын жасадық. Бизнес бар, клуб, ұлттық құрама бар – ҚФФ президенті лауазымы туралы ойлауға уақыт болған жоқ.

 

– Сайлауалды бағдарламаңыз қандай? Оның негізгі тұстарын қысқаша сипаттап берсеңіз?

- Толық тезис жарияланады. Ол негізінен футбол инфрақұрылымын дамытуға, маркетинг пен жүйелілікке бағытталған. Бұқаралық спорт кәсіпқой спорттың түпқазығы болумен қатар, ұлт денсаулығының тірегі болуы керек. Бұқаралық футболсыз кәсіпқой футбол, ал инфрақұрылымсыз бұқаралық футбол дамымайды. Одақ кезінде болған инфрақұрылымды қайтару керек. Аудан орталықтарынан бастап, облысқа дейін алаңдар салу қажет. Бұл бағыт «1000 алаң» деп аталады және біз оны тезірек жүзеге асыруымыз керек. Балалар, оқушылар және студенттер арасындағы жарыстарды жандандыруды да қолға аламыз. Жаттықтырушыларды, төрешілерді, футболшыларды кәсіби даярлау үшін заманауи ғылыми-техникалық база құрғымыз келеді. Тағы бір айтарымыз, үлкен футбол жеке қолда болуы керек. Клуб бюджеті мемлекеттік қаражаттан бірте-бірте ірі компанияларға ауысуы керек.

 

– Қолдаушы серіктеріңіз кімдер, командаңыз бар ма?

– Әрине, бар, 25 жылдан берігі жеңіс пен жеңілістер, ірі спорт форумдарына қатысу бізге «от пен судан» өткен мамандарды өсіруге, тәрбиелеуге мүмкіндік берді. Бірнеше жылдан бері УЕФА, ФИФА және басқа да спорт ұйымдарымен жұмыс істеп келе жатқан командам бар. Оның құрамында жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлері және басқару саласындағы мамандар бар. Маңыма заманауи әлемдік футболдың барлық ережесіне сәйкес процесстерді жүргізе алатын кәсіби мамандарды жинадым. Ал ниеттес серіктерім мені және менің командамды қолдап, әрқашан бізбен бірге болатын жандар. Олардың арасында біз жылдар бойы етене араласып келе жатқан футбол сүйер қауым, көптеген жанкүйерлер бар. «Қайрат» футзал клубының басшылығы 10 жылдан бері ауыспай, барлық жетістіктерге осы команда қол жеткізді. Сондай-ақ, он жылдан астам уақыт бойы бірге жұмыс істеп келе жатқан ассоциация президенттері де біздің қолдаушымыз саналады. Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Чехия, Словения, Испания, Таиланд - біз көп жылдан бері серіктес болып келе жатқан достарымыз. Біз футболды дамытуға бірлесе атсалысып, әлемдік үрдістен кеш қалмауға тырысамыз.

 

– Сайлауға бес үміткер қатысуда: Ерлан Жарылқасынов, Давид Лория, Әділет Барменқұлов, Берік Қаниев және сіз. Кімді фаворит санайсыз және өз мүмкіндігіңізді қалай бағалайсыз?

 

– Бұл орынға кім лайық – оны сайлаушылар шешеді. Бұл жерде ең маңыздысы президент болуға ұмтылу емес, бүкіл ел күткендей нәтижелі жұмыс істеу.

 

– Үміткерлердің арасында әлемдік деңгейде біліктілігін дәлелдеген сіз ғанасыз. Мұндай жетістікке Қазақстанда басқа ешкім жеткен жоқ. Бірақ дауыс беру әділ өте ме? Жеңіліп қалуыңыз мүмкін бе?

 

– Білесіз бе, қазір мен үшін сайлауда жеңемін бе, жоқ па маңызды емес. Мен үшін ең маңыздысы – ел футболының даму процесі, сондай-ақ жанкүйерлер, мамандар, отбасым және достарымның маған берген жоғары бағасы. Жанкүйер қауым мен Қазақстан футболына қаншалықты қарыздар екенімді түсіндім. Нәтиже қандай болса да, мен қолымнан келгенше пайдалы жұмыс істей беремін.

 

– Олжас Абраевтың сайлаудан бас тартқанына қалай қарайсыз? ҚФФ конференциясы өтетін 28 ақпанға дейін өзге де тосынсый болуы мүмкін бе?

 

– Бұл Олжастың жеке шешімі, одан ілік іздеудің қажеті жоқ. Ол ҚКФЛ басшысы, атқару комитетінің мүшесі, оның футбол федерациясында атқаратын функциясы жеткілікті. Бұл шешімі федерацияның ішкі саяси мәселелерімен байланысты болса керек. Олжасты жақсы білетіндіктен, оның өте турашыл адам екенін айтқым келеді.

 

– Барлық үміткердің алдындағы айқын басымдылығыңыз – ел футзалының қарқынды дамуы, «Қайрат» пен ұлттық құраманың ірі жетістігі. Демек Қазақстандағы бүкіл футзал саласы сіздіқолдайды. Ал үлкен футбол әлемінде сізді қолдау қай деңгейде болады?

 

– Мен бұл жетістікке ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбек пен үлкен күш-жігердің арқасында жеттім. Бізді футзал мен үлкен футболды жақсы білетін жандар қолдайды. Олар біздің команда мен клуб басшылығының қолынан не келетінін жақсы біледі. Біз оларды ешқашан жерге қаратқан емеспіз. Біздің үлкен футбол әлемінде де бірегей тәжірибеміз мен қолдаушыларымыз бар. 

 

- Ел футболын терең дағдарыстан алып шығатын қандай жоспарыңыз бар? Жалпы бұл дағдарыстан шығу мүмкін бе?

 

– Әдетте проблеманы өзіміз жасап аламыз. Шешілмейтін түйін жоқ, тек қайта қарап, дұрыс қорытынды жасау керек. Өткен 30 жылдан орынды сабақ алып, оны пайдалану керек. Кейде сәтсіздіктің өзі пайдалы болады, өйткені болашақта ондай қателікті қайталамауға мүмкіндік береді. Бізде футзал, футбол, бұқаралық футбол және инфрақұрылым мен ғылыми-техникалық базаны дамытуға арналған бағдарлама бар. Футзал мен футбол өте ұқсас. Біздің жоспар орындауға болатын жоспар, тек жақсылап жұмыс істеу керек! Жұмысты жүйеге салып, барлық процесті дұрыс бақылауда ұстау керек.

 

- Сайлауда жеңіп, ҚФФ-ны басқарсаңыз, президент ретіндегі алғашқы жұмысты неден бастайсыз?

 

- Ең алдымен ҚФФ-ның барлық қызметкерінің кәсіби біліктілігін аттестациялаймыз. ҚФФ алдында тұрған міндеттер үлкен жауапкершілік, кәсіпқойлық және үйлесімді командалық жұмысты талап етеді, сондай-ақ онда біліксіз адамдар болмауы керек.

 

– Бұл жағдайда «Қайрат» АФК президенті лауазымын қалай біржайлы етесіз – бұл қызметтерді бірге атқару мүмкін емес?

 

– Мен көптен бері «Қайрат» футзал клубының құрметті президенті болғанымды айта кетейін, қазір басты жұмысым – бұқаралық спортты, инфрақұрылымды, ұлттық құрамаларды дамыту. Бірақ, әрине, бұл жағдайда клуб туралы мәселе екінші кезекке түседі. «Қайрат» футзалына алаңдамаймын, клубта тиімді басқару жүйесі қалыптасқан. Оған енді әкімшілік ресурс керек емес.

 

- Сіз УЕФА және әлемнің үздік клубтарымен жақсы қарым-қатынастасыз. «Барселонаның» өзі сіздің арқаңызда қазақ спорты қалай дамып жатқанын жақсы біледі. Футбол федерациясының президенті үшін халықаралық байланыс қаншалықты маңызды?

 

– Әлемдік футболда интеграция маңызды факторлардың бірі. Тиімді байланыс, халықаралық форумдар мен турнирлерге қатысудың арқасында менің командам әлем футзалының жай-күйін біліп отырады. Біз әлем футболында жүріп жатқан барлық процесс пен бағыттарды жақсы білеміз. Барлық өзгеріске алдын ала дайын болып, үнемі даму мен түрлендіруге атсалысымыз. Қазақстан үшін мұны білу және әлемдік футбол процесіне қатысу өте маңызды. Әлемдік футбол көшбасшыларымен қарым-қатынас бізге мамандарды дайындауға және футбол әлемінің көшіне ілесуге мүмкіндік береді. 120-орын Қазақстан тұратын орын емес. Біздің міндетіміз – үздіктер қатарынан көріну. «Қайрат» АФК мен футзалдан Қазақстан құрамасының жетістігіне қарап, мұны жүзеге асыруға болатынына көзіміз жетті. 

 

- УЕФА-ға келейік. Осы ұйыммен қалай жұмыс істейтін ойыңыз бар? Сіз топ-менеджментпен және УЕФА президентімен жақсы қарым-қатынастасыз.

 

- ҚФФ-да УЕФА-мен өзара селбестік әлдеқашан қалыптасқан. Біз футбол, футзал және әйелдер футболын дамыту бағытында ұйыммен селбесе жұмыс істейміз. Балалар мен жасөспірімдер спорты, жағажай футболы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған футбол – осының барлығын дамыту үшін УЕФА барлық елге тең мүмкіндік береді, біз тиімді жұмыс атқарып, осы ұйымның барлық ресурсын Қазақстан және қазақстандықтардың игілігі үшін пайдалануымыз керек.

Похожие новости